Әлеуметтік желіде Түпқарағандағы «Голубая бухта» теңіз жағалауының қоқысқа толғаны жөнінде бейнежазба тарады. Енді аталған орында полиция қызметкерлері кезекшілік жүргізіп, қоқыс тастағандарға айыппұл салуы мүмкін, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Голубая бухта» теңіз жағалауы суға түсуге рұқсат етілмеген аймаққа жатады. Сондай-ақ, жағалау коммуналдық жағажай болмағандықтан тазалығын күтіп-ұстауға арнайы қаражат қарастырылмаған.
- «Голубая бухта» теңіз жағалауы тыйым салынған жер болғанына қарамастан жаз мезгілінде келіп, демалшылардың саны өте көп. Олар көбіне тазалық сақтамай, қоқыс тастап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Түпқараған аудан әкімдігі 21 тамыз күні тазалық жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта патрульдік полиция кезекшілік ұйымдастырып, айыппұл салуды, және жазғы уақытта теңіз жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлуді қарастырып отырмыз. Аумақтың иесі болған кезде ғана тәртіп сақталады. Тұрғындар мен қонақтардан жауапкершілік сақтауды сұраймыз. Біз тазалық мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, - деді аудан әкімдігінің қызметкерлері.